Accessibility links

"Z" таңбасы бар әскери техника. Мариуполь қаласы, 16 сәуір 2022 жыл.
"Z" таңбасы бар әскери техника. Мариуполь қаласы, 16 сәуір 2022 жыл.

Украинадағы соғыста 11-17 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

17 сәуір - Украинадағы соғыстың 53-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Ресей әскері Украина қалаларын атқылауды доғармады. Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, Ресей Харьков маңындағы әскерін көбейтуге тырысып жатыр. Жаңадан түсірілген спутник суреттері әскери техникалардың Харьков облысы Липчановка елді мекенінде шоғарланғанын көрсеткен. Техниканың біраз бөлігі Изюм қаласына қарай жол тартқан.
  • Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей Украинадағы соғыста тактикасын өзгерткенмен мақсатын өзгерткен жоқ деп мәлімдеді.
  • Қоршауда қалған "Мариупольдегі украин күштерінің қазасы Ресеймен келіссөзге нүкте қоюы мүмкін". Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.
  • Ресей Мариупольдегі украин күштеріне берілуді ұсынды.
  • Журналистер "Москва" крейсерінде қаза болған теңізшінің аты-жөнін анықтады.
  • БҰҰ мәліметінше, соғыс басталғалы бері 5 млн адам Украинадан босып кеткен. ​
  • Украина президенті Владимир Зеленский CNN арнасына берген сұхбатында Ресей басқыншылығы басталғалы бері шамамен үш мың украин жауынгері опат болып, он мыңы жараланғанын айтты.
  • Ресей Ұлыбританияның бірқатар саясаткерлеріне елге кіруге тыйым салды.
  • Пентагонның айтуынша, ресейлік "Мәскеу" крейсері Украинаның екі зымыраны түскеннен кейін суға батқан.

Киев мэрі Виталий Кличко Ресей әскері 16 сәуірге қараған түні Киевтің бірнеше ауданын атқылағанын хабарлады. Жараланғандар мен қаза болғандар туралы мәлімет жоқ. Қала мэрінің айтуынша, атқылауға ұшыраған аудандарда құтқарушылар мен дәрігерлер жұмыс істеп жатыр.

Зеленский: 24 ақпаннан бері 3 мың украин жауынгері опат болды

Украина президенті Владимир Зеленский CNN арнасына берген сұхбатында Ресей басқыншылығы басталғалы бері қанша украин сарбазының қаза болғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, 24 ақпаннан бері шамамен үш мың украин әскери қызметкері опат болған, он мыңы жараланған. Қаншасы "аман қалатынын айту қиын" деді ол.

Тараптар адам шығыны туралы сирек айтады. Ресей қорғаныс министрлігі наурызда 1,5 мың солдатынан айырылғанын мәлімдеген. Ал Украина жағы Ресейдің 20 мың солдаты мерт болды деген.

АҚШ барлау қызметінің наурыз ортасындағы есебінше, Ресейдің 8-14 мың солдаты соғыста өлген.

Пентагон: Ресейлік "Москва" крейсерін украиналық зымырандар батырған

Ресей теңіз әскерінің флагманы саналатын "Москва" ракеталық крейсеріне 14 сәуірде екі украиналық зымыран түскеннен кейін кеме батып кетті. Жұма күні аты-жөнін айтпаған АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілі осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінен агенттіктер үзінді келтірді.

АҚШ өкілінің сөзіне қарағанда, крейсерге кемеге қарсы "Нептун" зымыранымен шабуыл жасалған болуы мүмкін. Вашингтондағылар зымыран соққысы мен кеме батқаннан кейін адам шығыны болғанына сенімді, бірақ қанша теңізші батып кеткенін айта алмады.

Осылайша Вашингтон Украина ресми тұлғаларының крейсер жөнінде мәлімдемелерін растады.

"Москва" кемесіне зымыранмен соққы жасағанын Украина тарабы 13 сәуірде мәлімдеген. 14 сәуірге қараған түні Ресей қорғаныс министрлігі кемеде өрт болғанын растады. 14 сәуірде күндіз Пентогон да, Ресей де крейсердің теңіз бетінде екенін хабарлаған. Бірақ бірнеше сағаттан соң Ресей қорғаныс министрлігі кеме теңіздегі дауылдан тепе-теңдік сақтай алмай, батып кетті деп мәлімдеді. Мәскеу өрттін неден шыққанын айтпады.

Ресей қорғаныс министрлігі бірнеше жүз адамнан құралған кеме экипажы басқа кемеге эвакуацияланғанын хабарлады. Жұма күні дереккөзге сүйенген ТАСС агенттігі "Москва" теңізшілері Севастопольге жеткізілді деп мәлімдеді. Алайда оған дәлел болатын фото, видеолар жариялаған жоқ.

БҰҰ: Соғыс басталғалы бері Украинадан 5 миллионнан астам адам босып кеткен

Ресей соғыс ашқалы бері бес миллионнан астам адам Украинадан босып кеткен. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен бергі Еуропадағы ең ірі миграциялық дағдарыс, деп жазды БҰҰ дерегіне сүйенген AFP агенттігі.

Босқындардың басым бөлігі яғни, шамамен үш миллион адамды Польша қабылдаған. Украинаның өз ішінде жеті миллион адам басқа өңірге көшуге мәжбүр болған.

Украинадағы балалардың үштен екісі жақындарымен бірге үйлерін тастап кеткен. Олардың бір бөлігі елден кетсе, бір бөлігі басқа өңірге қоныс аударған.

Польшадағы украин босқындары.
Польшадағы украин босқындары.

Украинадан Ресей аумағына 400 мыңнан астам адам кірген.

БҰҰ дерегінше, елде босып кеткендер көбеюімен қатар Украинаға оралып жатқандар да бар. Халықаралық ұйым мәліметінше, 870 мың адам еліне оралған.

Осыған дейін БҰҰ 24 ақпаннан бері Украинаның 2 мыңға жуық бейбіт тұрғыны қаза болғанын, 150-і бала екенін мәлімдеген. Бұл көрсеткіш көп болуы да ықтимал, себебі шайқас қызу жүріп жатқан аймақтардан ақпарат кешігіп жетеді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG