Ресей Ұлыбританияның бірқатар саясаткерлеріне елге кіруге тыйым салды
Ресей Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон мен бірқатар британ министрлеріне елге кіруге тыйым салды.
Ресей СІМ хабарламасында мұндай шешімді "британ үкіметінің қастық әрекетімен", атап айтқанда, Ресейдің жоғары лауазымды тұлғаларына санкция салуымен байланыстырады.
Ақпаратқа қарағанда, тыйым 13 адамға салынған. Арасында Ұлыбритания әділет, қорғаныс, қаржы, сыртқы істер және ішкі істер министрлері бар. Бұған қоса, бұрынғы премьер, қазір парламент депутаты Тереза Мэйге де шектеу қойылған.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері Ұлыбритания Ресей саясаткерлері мен кәсіпкерлеріне, мемлекеттік БАҚ өкілдеріне санкция салумен келеді. Лондон Мәскеуге қарсы шектеулерін үздіксіз жаңартып жатыр. Атап айтқанда, Лондон Ресейдің энергоресурстарына эмбарго қойған. Санкция тізіміне Ресей президенті Владимир Путиннің қыздары мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровты да енгізген.
Азаттық "украин әйелдерін зорлауды" талқылаған ресейлік ерлі-зайыптылардың аты-жөнін анықтады
Азаттықтың Орыс қызметі және "Схема" зерттеу жобасы "украин әйелдерін зорлауды" талқылаған ресейлік ерлі-зайыптылардың аты-жөнін анықтады. Күйеуімен телефон арқылы сөйлескен әйелдің украин әйелдерін зорлауды ұсынған әңгімесін Украина қауіпсіздік қызметі 12 сәуірде жариялаған.
Азаттықтың Орыс қызметі және "Схема" зерттеу жобасының зерттеуіне сәйкес, телефон әңгіме 2022 жылы сәуірде жазылған. Ондағы ерлі-зайыптының аты-жөндері – Роман Быковский және Ольга Быковская. Жазба ұзақ бір әңгіменің үзіндісіне ұқсайды. Онда әйелдің күйеуіне украин әйелдерін зорлауға рұқсат бергені естіледі.
"Иә, рұқсат. Тек қорғанып жүр" деп күледі әйел.
Ақпаратқа қарағанда, 27 жастағы Роман Быковский бұрын Росгвардияда әскери борышын өтеген. Кейін Қырымды аннексиялауға қатысқан десанттық полктің 108-гвардиясында әскери қызметкер болған. Оның Қырымға отбасын көшіріп әкелгеніне көп болмаған.
"Схема" зерттеу жобасының мәліметіне сәйкес, әйелімен сөйлескен кезде ер адам Херсон облысында болған. Украинадағы құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің көмегімен "Схема" әңгімелескен екі абоненттің телефон нөмірлерін тапқан.
Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, бұл нөмірлер ВКонтакте желісінде екі аккаунтты тіркеу кезінде қолданылған: Роман Быковский және Ольга Быковская (қыз кезіндегі аты-жөні Пинясова). Ерлі-зайыптылардың бір ұлы бар, 4 жаста.
Азаттық тілшілері Роман Быковскийге хабарласқан кезде ол аты-жөнін растап, Севастопольде екенін айтты. Ал Ольга Быковская күйеуінің жараланғанын, Севастопольде ауруханада емделіп жатқанын айтты.
Әзірге ерлі-зайыптыларға қатысты зорлау бойынша ешқандай шағым түспеген.
Украинада соғыс басталғалы бері Ресей әскерінің украин азаматтарын зорлағаны жөнінде көп ақпараттар шыққан. 8 сәуірде Украина адам құқықтары жөніндегі уәкілі Людмила Денисова БҰҰ-дан 14 жастағы қыздың зорлануы сияқты оқиғаларды тергеуге шақырды.
Қазір Украина бас прокуратурасында Ресей солдаттарының зорлық-зомбылық әрекеттеріне дәлелдер жинайтын арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар бұл құжаттарды кейін Халықаралық қылмыстық сотқа бермек.
Ресейлік тәуелсіз БАҚ тілшілері спам-шабуылдарға ұшырап жатыр, деп жазды "Медиазона" сайты.
15 сәуірде кешке ондаған журналист әлеуметтік желілер мен сервистерге тіркелгенін растауды сұраған СМС-хат алған. Арасында The Village, "Псковская губерния", "Бумаги", "Дождь", Republic, "7×7", DOXA, "Эхо Москвы" радиостанция өкілдері бар.
Спам-шабуылдар 16 сәуірде де тыйылмаған.
Киев тұрғындары жаппай қалаға оралып жатыр, бірақ билік қауіп сейілмегенін ескертті
Киев билігі қала тұрғындарына үйлеріне оралуға әлі ерте екенін, қауіп әлі сейілмегенін ескертті. Биліктің айтуынша, аумақ миналардан әлі толық тазармаған. Бірақ соған қарамастан, УНИАН агенттігінің мәліметінше, күн сайын 40-50 мың адам Киевке келіп жатыр. Агенттік қалаға кіреберіс жолда көліктер кептелісі пайда болғанын хабарлап, видео жариялады.
ПІКІРЛЕР