Accessibility links

"Z" таңбасы бар әскери техника. Мариуполь қаласы, 16 сәуір 2022 жыл.
"Z" таңбасы бар әскери техника. Мариуполь қаласы, 16 сәуір 2022 жыл.

Украинадағы соғыста 11-17 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

17 сәуір - Украинадағы соғыстың 53-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Ресей әскері Украина қалаларын атқылауды доғармады. Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, Ресей Харьков маңындағы әскерін көбейтуге тырысып жатыр. Жаңадан түсірілген спутник суреттері әскери техникалардың Харьков облысы Липчановка елді мекенінде шоғарланғанын көрсеткен. Техниканың біраз бөлігі Изюм қаласына қарай жол тартқан.
  • Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей Украинадағы соғыста тактикасын өзгерткенмен мақсатын өзгерткен жоқ деп мәлімдеді.
  • Қоршауда қалған "Мариупольдегі украин күштерінің қазасы Ресеймен келіссөзге нүкте қоюы мүмкін". Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.
  • Ресей Мариупольдегі украин күштеріне берілуді ұсынды.
  • Журналистер "Москва" крейсерінде қаза болған теңізшінің аты-жөнін анықтады.
  • БҰҰ мәліметінше, соғыс басталғалы бері 5 млн адам Украинадан босып кеткен. ​
  • Украина президенті Владимир Зеленский CNN арнасына берген сұхбатында Ресей басқыншылығы басталғалы бері шамамен үш мың украин жауынгері опат болып, он мыңы жараланғанын айтты.
  • Ресей Ұлыбританияның бірқатар саясаткерлеріне елге кіруге тыйым салды.
  • Пентагонның айтуынша, ресейлік "Мәскеу" крейсері Украинаның екі зымыраны түскеннен кейін суға батқан.

Өткен тәулікте Харьков облысын Ресей әскерінің атқылауы салдарынан үш бейбіт тұрғын қаза болған. 31 адам жараланған. Арасында төрт бала бар. Бұл жөнінде Харьков облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Олен Синегубов хабарлады.

Оның сөзіне қарағанда, аумақты Ресейдің кассеталық оқ-дәрілерінен тазарту кезінде үш сапер қаза болған, төрт адам жараланған.

Осыған дейін Украина қарулы күштері Ресей әскері Харьков қаласын жартылай қоршап, атқылап жатыр деп мәлімдеген.

Соғыс жағдайында бейбіт тұрғындардың қазасы жайлы мәліметтерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Өлі Мариуполь, дроннан түсірілген қала көрінісі

Мариуполь қаласы 50 күннен бері Ресей әскерінің қоршауында. Ресей қаланы жан-жақтан артиллерия, танк және түрлі қару түрлерімен атқылауын доғармады. Қаланың өзінде шайқас жүріп жатыр. Қаланың бір бөлігі Ресей әскерінің бақылауында, бір бөлігін Украина әскері бақылап отыр.

Журналистер "Москва" крейсерінде қаза болған теңізшіні анықтады

Аннексияланған Севастопольде әскери-теңіз флотының жетекшісі адмирал Николай Евменов және Қара теңіз флотының басшылығы бірнеше күн бұрын суға батып кеткен "Москва" ракеталық крейсерінің экипаж өкілдерімен кездесті. Кездесуден видео Ресей қорғаныс министрлігінің телеграм арнасында және "Звезда" телеарнасының сайтында жарияланды.

Евменов жиналғандарға крейсер дәстүрі сақталып, жалғасатынын айтты. Оның айтуынша, офицерлер құрамы, жалдамалылар мен мичмандар флотта қызметін жалғастыра береді. Әскери борышын өтеп жүргендер заңға сәйкес, міндеттен босатылып, тіркеуге тұруға жіберіледі.

"Москва" крейсері. 10 сәуір 2022 жыл.
"Москва" крейсері. 10 сәуір 2022 жыл.

Видеожазбада экипажда қанша адамның болғаны туралы дерек айтылмайды. Әдетте жеке құрамды тарату кезінде командир экипаж құрамын жариялап, жараланғандар мен қаза болғандар туралы айтуы тиіс. Бірақ видеожазбадағы алғашқы кадрларда дыбыс жоқ екеніне "Новая газета. Европа" сайты назар аударады. Басылымның жазуынша, алғашқы кадрлардан "Москва" командирі Антон Купринді көруге болады. Осыған дейін Украина шекара қызметі оның қаза болғанын хабарлаған.

Ресей қорғаныс министрлігі крейсер экипажы тұтас эвакуацияланғанын хабарлаған. Бірақ Азаттықтың Орыс қызметі мичман Иван Вахрушевтің қаза болғанын анықтады. Журналистер оның әйелі Варвара Вахрушеваның "Одноклассники" желісіндегі аккаунтын анықтады. Онда әйел күйеуінің қаза болғанын хабарлап, теңізші формасын киген ер адамның суретін жариялады.

"Вконтакте" желісінде журналистердің сұрақтарына жауап берген Вахрушева күйеуі "Москва" крейсерінің батуы нәтижесінде қаза болғанын айтты. Ол жұбайының қаза болғанын 14 сәуірде басшылықтан естіген. Күйеуінің денесі табылған, бірақ оның қалай қаза болғаны жайлы мәлімет туыстарына айтылмаған. Әйелдің айтуынша, "Москва" экипажының тағы 27 мүшесі із-түзсіз жоғалған. Бірақ бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмады.

Зеленский: Мариупольдегі әскерилердің өлімі келіссөзге нүкте қояды

Қоршауда қалған Мариупольде украин әскерилері қаза тапса, Ресеймен келіссөзге нүкте қойылуы мүмкін. Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Мариупольдегі украин күштері қоршауда қалған: оларда су, дәрі-дәрмек жоқ. Бірақ соған қарамастан қорғанып жатыр.

Зеленскийдің айтуынша, Ресеймен бейбіт келісім екі құжаттан тұруы мүмкін. Біреуі Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы құжат, екіншісі Украинаның Ресеймен қатынасы. Бірақ Зеленскийдің айтуынша, Мәскеу бір құжатқа қол қойылғанын қалайды.

Мариуполь. "Z" таңбасы бар әскери техника жылжып барады.
Мариуполь. "Z" таңбасы бар әскери техника жылжып барады.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі Мариуполь аумағы "Азов" батальоны, Украина әскері мен шетелдік жалдамалылардан "азат етілгенін" хабарлады. Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, "Азовсталь" металлургия комбинатының аумағына шоғырланған Украина күштері қоршауда қалған. Ресей әскері олардан берілуді талап етіп отыр.

Украина тұтқындарының сөзіне сүйенген Ресей қорғаныс министрлігі "Азовсталь" аумағында шамамен 2,5 мың адам барын айтты. Әзірге тәуелсіз дереккөздер Ресей билігінің мәліметін растаған жоқ.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG