4,5 млн украиналық бала босқынға айналды - ЮНИСЕФ
БҰҰ балалар жөніндегі қоры – ЮНИСЕФ есебінше, соғыс басталғалы Украинадағы 7,5 млн баланың 4,8 млн бала үйін бастап кеткен.
"31 жыл гуманитарлық қызметте жүрмін, бұл аралықта мұндайды көрмедім" деді ЮНИСЕФ басшысы Мануэль Фонтен.
БҰҰ соғыста кемі 142 бала қаза тапқанын, бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады.
Киев облысы әскери әкімшілігінің басшысы Александр Павлюк Ресей әскерилері Бучада 400-ден аса бейбіт тұрғынын өлтірді деп мәлімдеді. Бұған дейін Буча мэрі Анатолий Федорук 320 адам қаза тапқанын айтқан еді.
Путин "арнайы операциядағы мақсатымыз Донбасс халқына көмектесу" дейді
Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы "арнайы әскери операция" "қажет болғанын" мәлімдеді. Ол бұл сөзін Амур облысындағы Восточный ғарыш айлағының жұмысшыларымен кездесуде айтты.
"Біз, бір жағынан, адамдарға көмектесіп, оларды құтқарып жатырмыз. Екінші жағынан Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қадамдар жасадық. Бізде басқа таңдау болмағаны сөзсіз. Бұл – дұрыс шешім" деді Путин.
Путин Украинада "антиресейлік плацдарм" мен "неонацизм қалыптаса бастады" деп санайды. Ол "Украинадағы "арнайы операцияның" мақсаты анық, бұл – Донбасс халқына көмектесу" деді. Ресей басшысы "мақсатымызға қол жеткіземіз" деп сенеді.
Кремль Украинаға соғысын "арнайы операция" дейді. Елде "соғыс" сөзін қолданғандар қудаланады, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.
Лукашенко "Бучадағы қырғынды ағылшындар ұйымдастырды" дейді
Бүгін, Амур облысында Владимир Путин мен Александр Лукашенко кездесу өткізген еді. Кездесуден соң екеуі брифинг өткізді. Путин мен Лукашенко не айтты?
Путиннің сөзі:
- Украина, Беларусь және Ресей – бір-біріне ұқсас үш халық. Қазір Украинада болып жатқан оқиға – трагедия, бірақ Ресейдің таңдауы болмады.
- Батыс елдері арқа сүйеген блицкриг (көзілеспес соғыс) іске аспады. Экономикамыз бен қаржы жүйеміз аяғында нық тұр. Бірақ алдағы уақытта қауіп артуы мүмкін.
- Украинамен келіссөз Александр Лукашенконың арқасында басталды.
- Қазіргі жағдайға байланысты Ресей мен Беларусьтің интеграциясын нығайту керек.
- Украинадағы "арнайы операция" (Кремль Украинадағы жағдайды "соғыс" деп атағандарды қудалайды) мақсатына жеткенше жалғасады.
Лукашенконың сөзі:
- Беларусь пен Ресей тарихында Батыспен қатынас дәл осындай қауіпті болмаған.
- Егер Ресей Украинаға арнайы операциядан сәл кешіккенде бұл елдің аумағына жойқын шабуыл жасалар еді.
- Ешқандай санкция бізді жолдан тайдырмайды.
- Бучадағы жағдай – ағылшындар жүргізген психологиялық арнайы операция.
Украинаның Киев облысындағы Буча қаласында кемі 400 бейбіт тұрғын қаза тапқан еді. Олардың көбінің мәйіті Ресей әскері Бучадан кеткен соң қала көшелерінен, аулалардан табылған. Украина мен Батыс елдері Бучадағы қырғынды Ресей әскерилері жасады деп мәлімдеді. Халықаралық ақпарат құралдары бұған көп дәлелдер келтіріп, куәгерлермен сөйлесті. Ресей Бучадағы қырғынды мойындамай, оқиғаны "қолдан ұйымдастырылған" деп отыр.
Путинның бұйрығымен Ресей әскері Украинада 24 ақпанда басып кірген. Ресей басшысы бұл басқыншылықтың мақсаты Украинаны "денацификациялау" және "демилитиризациялау" деген еді.
Кремль Украинаға соғысын "арнайы операция" дейді. Елде "соғыс" сөзін қолданғандар қудаланады, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.
Бір жарым айдан бері Украинада ауыр шайқас жүріп жатыр. БҰҰ есебінше, соғыстан екі мыңдай бейбіт тұрғын қаза болған. Ал Украина билігі Мариуполь қаласының өзінде ондаған мың бейбіт тұрғын қаза тапты дейді.
Ресей 24 ақпаннан бері Украинаның оңтүстігінде Херсон қаласының, Харьков және Донбасс облыстарының бір бөлігіне бақылау орнатты, бірақ Киев пен Украинаның солтүстігінен шегінді. Халықаралық сарапшылар Ресей әскері бұл соғыста көп шығынға ұшырағанын айтады. Путиннің баспасөз хатшысы Песков та "Украинадағы шығынымыз көп" деп мойындаған. Кремль Украинаға соғыс ашқан соң Батыс елдері Ресейге бұрын соңды болмаған санкциялар салды.
ПІКІРЛЕР