Адвокат Шынқуат Байжанов Алматыдағы тергеу изоляторында соққыға жығылып, азапталған көп адамды көргенін айтты. Бұл жөнінде ол 20 қаңтарда Facebook парақшасында жазды.
"Бүгін СИ-18-ге Қаңтардағы қанды қырғынға байланысты жазықсыз жалаға ұшыраған екі балаға кіріп шықтым. Коридорда аяғы ақсақтаған, балдақпен жүрген, іштен, иықтан, бастан жараланып, таңылған жастар өз адвокаттарымен кездесу үшін күтіп тұрды. Тіпті біреуін носилкамен алып келді. Ішің қан жылайды, жәудіреген көздеріне қарап шарасыздықтан ерніңді тістейсің, ал сырттай "айналайындар шыдаңдар, еңселерің түспесін, бәрі жақсы болады"- деп қанаттандырған боласың. Ал менің қорғауымдағы екі бала да " аға өлтіріп тұрып бірнеше күн ұрды, қан сигізді, істемегенді істедім дегізіп хаттама жасады, қол қойғызды, митингіге шыққаннан басқа жазығымыз жоқ"- деп зар илеп отыр. "Дәлелдемесіз соттай алмайды, заңсыз толтырылған хаттама үкімге негіз болмайды"- деп үміттендіріп кеттім" деп жазды.
Алматы қалалық полиция департаменті әзірге түсініктеме бермеді.
Қаңтар оқиғасынан кейін билік Қазақстан бойынша оң мыңға жуық адамның ұсталғанын хабарлаған. Бұған дейін тергеу изоляторы мен уақытша қамау орындарында ұсталғандардың жаппай азапталғаны, соққыға жығылғаны жөнінде хабарлар тараған. Кейбір ақпаратқа қарағанда, ұсталғандарға электрошокер де қолданылған.
Өткен аптада Алматыдағы уақытша қамау орындары мен тергеу изоляторына барғанын айтқан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова полицияның дөрекі қарым-қатынасы жөнінде 21 шағым түскенін айтқан. Ол адвокатты өзі қорғап отырған азаматқа жібермеу, ұсталғандар жөнінде туыстарына хабарламау, ұсталғаннан кейін медициналық көмек көрсетпеу сияқты хабарлар жөнінде айтқан. Ал тәуелсіз құқық қорғаушылар азапталғандардың ортақ базасын құрастырып, құқықтық көмек жағын қарастырып жатыр.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.
Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптап, Еуропарламент қаңтар оқиғасы бойынша қарар қабылдады. Оның ішінде құқық қорғау ұйымдарды саяси себеппен қудамалау, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеу, жосықсыз ұстау мен азаптауды доғару, адам құқығына қарсы қылмыстарға жауаптыларға жеке санкция салу секілді талаптар бар.
ПІКІРЛЕР