Accessibility links

"Басшылықтан ешкім жауапқа тартылмады". "Қазақстан" шахтасындағы кеншілер қазасына қатысты сот қайта басталды


"Қазақстан" шахтасында өрт болған кезде түсірілген сурет. Қарағанды облысы Шахтинск қаласы, 18 тамыз, 2023 жыл.
"Қазақстан" шахтасында өрт болған кезде түсірілген сурет. Қарағанды облысы Шахтинск қаласы, 18 тамыз, 2023 жыл.

Шахтинск қаласының соты "Қазақстан" шахтасындағы кеншілер өліміне қатысты істі қайтадан қарай бастады. Істі қарау аяқталуға таяғанда судья ауысып, процеске қатысушылар мен көптеген куә қайта жауап беретін болды. "Жақындарымыздың қалай тұншыққанын, қалай өлгенін басынан бастап тыңдауға тура келді", – деді жәбірленушілер.

"ЖАНЫ ҚИНАЛЫП ӨЛДІ"

Кеншілер өліміне қатысты сот процесін қайта жандандыру қазір Шахтинск қаласындағы негізгі мәселе болып отыр. Халқының көбі тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істейтін шағын қалада 37 мың адам тұрады. Бес жұмысшының өліміне әкеп соққан апатқа қатысты сот процесі ешкімді де бей-жай қалдырмады. Бірінші процесс аяқталуға жақын қалған кезде, ойламаған жерден істі қарайтын судьяны ауыстырып жіберді.

Шахтинскіде төрт шахта бар, олардың әрқайсында ондаған техногендік апат болып, кеншілер қазасына себеп болған. Сондықтан кеншілер отбасының еңбек жолы ғана емес, қайғысы да ортақ, енді міне, сот шырғалаңын да бірге көріп жатыр.

Қазір сот жүріп жатқан кейінгі техногендік апат 2023 жылғы 17 тамызда "Қазақстан" шахтасында болды. Онда шыққан өрт салдарынан бес адам қаза тапты, олар: 26 жастағы Илья Старовойт, 29 жастағы Артур Халиков, 45 жастағы Денис Стешин, 56 жастағы Виктор Бургун және 58 жастағы Виталий Слюньков. Тергеу бес кеншінің де көмірқышқыл тотығынан уланып қайтыс болғанын анықтады, кеншілер тұншығып өлген.

Ол уақытта шахтаға "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы иелік ететін, кәсіпорынға тиесілі шахталарда апат азаймай тұрған соң, инвесторларды ауыстырып, компанияның атын Qarmet деп өзгертті.

Қайтыс болғандардың бәрі де отбасындағы негізгі асыраушы болған, бәрінің дерлік артында әйелі мен балалары қалды. Оларды ақтық сапарға шығарып салуға жүздеген адам жиналды.

"Қазақстан" шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан кенші Илья Старовойтты ақтық сапарға шығаруға жиналған жұрт. Қарағанды облысы Шахтинск қаласы, 22 тамыз, 2023 жыл.
"Қазақстан" шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан кенші Илья Старовойтты ақтық сапарға шығаруға жиналған жұрт. Қарағанды облысы Шахтинск қаласы, 22 тамыз, 2023 жыл.

– Алдыңғы жылы Ленин атындағы шахтадағы жарылыстан қаза тапқан кеншілерді соңғы сапарға шығарып салып едік, былтыр олардың жақындары біздің қайғымызға ортақтасып келді. Айтудың өзі ауыр. Олар жаны қиналып, дем жетпей қайтыс болған, – деді өндірісте қаза тапқан кеншілердің бірінің жесірі.

Апат кезінде шахтада істейтін 17 жұмысшының денсаулығына орта және жеңіл дәрежедегі зиян келген. Олар улы газдармен, соның ішінде көмірқышқыл газымен уланған, бұған қоса көпшілігінің жанары күйіп, уытты гепатит және басқа да ауруларға душар болған.

Өрт және кеншілер қазасы бойынша істі тергеу бір жылдай уақытқа созылды. Сот биыл маусым айында басталып, енді қыза бастаған тұста қатысушыларға судья ауысатынын және сот процесі басқа судьяның төрағалық етуімен басынан бастап қаралатынын хабарлаған.

Жаңа процесс қыркүйек айында басталды. Судья Исламхан Есенбаевты Теміртауға ауыстыру туралы жарлық шыққан екен, істі қарап жатқан судьяның өзгеруін осылай деп түсіндірді. Бұрын дәл осы судья Ленин атындағы шахтадағы жарылыстан кеншілердің қаза болуы жөніндегі істі қарап, айыптау үкімін шығарған еді. Одан кейін істі Асқар Меллятовқа беріп, ол істі қараудан бас тартқан. Ақыры сот отырысын соңына дейін жеткізу судья Данияр Әлменовке жүктелген.

Істе 20-дан аса жәбірленуші бар. Олар қаза болғандардың отбасы мен зардап шеккен кеншілер.

– Судьяны ауыстырып жіберуі біз үшін күтпеген жайт болды. Ол жақтағы іс біздікінен маңызды болып тұр ма сонда? Істің аяқталуын күтуге неге мүмкіндік бермеді? Жақындарымыздың қалай жаны қиналғанын, дем жетпей өлгенін басынан бастап тыңдауға тура келді. Менің күйеуім шығар есікке сәл ғана жетпей қалған. Есіме түскен сайын көз жасымды сығып аламын. Денсаулығым құрыды. Басқа отбасыларда да осы жағдай. Сотқа келмей тағы отыра алмаймын, не айтылатынын тыңдауым керек, – деді жәбірленуші Елена Стешина.

Шахтер Денис Стешиннің әйелімен бірге түскен суреті.
Шахтер Денис Стешиннің әйелімен бірге түскен суреті.

Еленаның күйеуі Денис Стешин 45 жаста еді, жерасты шахтасында 21 жыл еңбек еткен. Ерлі-зайыптының жасөспірім ұлы бар, Денис ұлым кәмелет жасқа толғанда көлік әперем дейді екен. Әкелі-балалы екеу бірге балыққа баратын, Денис ұлының көлік жүргізген сәтін көруді қатты армандапты. Елена күйеуінің және оның әріптестерінің қазасын болдырмауға мүмкіндік бар еді деп есептейді.

– Жөндеу жасайтын ауысымға әдейі ауысқан-тұғын. Мен оқыс жағдай болып қала ма деп қорқатынмын, Денис болса, керісінше, бұл ең қауіпсіз ауысым екенін айтатын. Құрал-жабдықтың бәрі тоқтап тұрады, тек қана жөндеу жүреді дейтін. Ал кейін білсек, таспа жұмыс істеп тұрыпты. Таңертең таспаны бірден тексергенде, сонша адам қаза болмас еді. Ол таспаны сатып алған, тапсырма берген жоғарыда отырғандар, ал мына жерде жауапқа тартылып жатқандар орындаушылар ғана, – деді Елена Стешина.

Қаза тапқан тағы бір кенші, 29 жастағы Артур Халиковтың отбасы сот процесінің неге сонша ұзаққа созылғанын түсіне алмай отыр.

Шахтер Артур Халиков
Шахтер Артур Халиков

– Судьяны ауыстырып, процесті қайта бастағанына көңіліміз толмайды. Уайымдап жүрміз. Басынан-ақ бәрі дұрыс болмады. Күйеуім екеуімізді сотта жәбірленуші ретінде танымады. Соның кесірінен жай ғана тыңдаушымын. Соған орай сотта маған сөз берген жоқ, ал менің айтарым көп. Жарыссөз кезінде сөз береді деп үміттенемін, сол кезде бәрін айтамын, – деді қаза болған кеншінің анасы Зоя Халикова.

Артур Халиков үйленген, бірақ әлі баласы жоқ еді. Шахтада он жылдан астам уақыт жұмыс істеген, жер астында электрослесарь қызметін атқарған. Шахтаға тұрақты табыс үшін барған, оның үстіне Шахтинскіде басқа жұмыс та жоқ. Бокспен айналысатын, өмірде алға қойған жоспары көп еді.

"БӘРІ БАСШЫЛАРДАН БАСТАУ АЛҒАНМЕН, ОЛАРДЫ ЖАУАПҚА ТАРТЫП ЖАТҚАН ЖОҚ"

Қаза болған үш кеншінің туыстары моральдық және материалдық зиянды өтеу туралы шағым түсірген. Олар залалды сотталушылардан емес, құрылтайшы компаниядан, яғни Qarmet акционерлік қоғамынан өтеуді талап етіп отыр. 26 қыркүйек күні сот оларды осы іс бойынша талапкер, ал компанияны жауапкер ретінде таныды.

Жақынынан айырылғандарды мазалайтын сауал көп. Бәрінен де сотталушылар қатарында жоқ адамдарға қоятын сұрақтары бар.

– Жөндеу жасайтын ауысымда таспа неліктен істеп тұрды? Бұл ауысымда жөндеу жұмысы жүруі керек, таспа жұмыс істемеуі керек, алайда таспаны қосып қойған және ол жұмыс істеп тұрған. Мұны жоспарды қуып жету үшін керек деп түсіндірген. Осындай заңсыздыққа барған екен, енді жауап берсін. Жоспарды орындау керек деп техника қауіпсіздігіне бас ауыртпаған. Сапасыз таспа сатып алғаны тағы бар. Бұған шахтаның басшылары ғана емес, компанияның көмір департаменті де жауап беруі керек, – деді қаза тапқан кенші Артур Халиковтың анасы.

Жәбірленушілер шахтаның және компанияның жоғарғы басшылары да сот алдында жауап беруге тиіс деп санайды. Біраз уақыт бұрын тараптар қылмыстық істі қосымша тергеп-тексеріп, "Қазақстан" шахтасының лауазымды басшыларына қатысты да процестік шешім қабылдауды сұраған. Сот ол өтінішті қанағаттандырмады. Прокуратураға шағымданғанмен, одан да түк шыққан жоқ.

– Тергеу жүріп жатқан уақытта бізге қол қойыңдар деп қағаздар ұстатты, біз бәрі дұрыс боларына сеніп, қол қойып бердік. Басшылықтан ешкімді жауапқа тартпайтынын артынан білдік. Жоғарғы басшылықты жауапқа тартуға менің пәрменім жүрмейді. Ол уақытта біздің адвокатымыз да болмады, өзіміз асып-сасып жүрдік. Ал артынан талап етіп, прокуратураға шағымданғанмен, одан түк шықпады. Сотта да басшылықты жауапкер ретінде тарту туралы арызымыз қанағаттандырылмады. Бәрін шешетін басшылар, ал оларды жауапқа тартпауы бізді бір шарасыз күйге түсіреді, – деді марқұм Стешиннің жесірі Елена Стешина.

Шахтада қаза тапқан кеншілердің туыстары қиындық та, сұрақ та көп екенін айтты. Өтемақы мен уәде етілген баспанаға қатысты да сұрақ көп. Кей отбасыларға сотқа жүгінуіне тура келген.

– Қайғыдан қан жұтып отырғанда бәрі жағдай жасағыш болып кетті. Тіпті Астанадан шенділер келіп, "қандай да бір сұрақтарыңыз болса, хабарласыңыздар" деп телефон нөмірін қалдырған. Ал кейін телефон соқсақ, "біздің құзырымыздағы мәселе емес, жеке компанияға ықпал ете алмаймыз" деп отыр. Олай болса, несіне тобымен үйімізге келді? Келгенін көрсету үшін бе? Бұл нағыз екіжүзділік қой, – деді Елена Стешина ашуын жасыра алмай.

Өндіріс орнындағы апат салдарынан қазаға ұшыраған кеншілердің отбасы Шахтинск қаласының ортасынан өткен жылдар ішінде осындағы төрт шахтада, яғни "Қазақстан", Ленин атындағы, "Тентек" және "Шахтинск" кен орындарында қаза тапқан барлық кеншіге ортақ мемориал орнатуды сұрап отыр. Qarmet компаниясы сол мемориалды дұрыстап қойса дейді. Ал әзірге Шахтинскіде еңбекқор кеншілерге арналған ескерткіш қана бар.

Шахтинск қаласындағы кенші ескерткіші
Шахтинск қаласындағы кенші ескерткіші

СОТТАЛУШЫЛАР КІНӘСІН МОЙЫНДАМАЙДЫ

Сотталушылар саны төртеу, олар – төтенше жағдай кезінде "Қазақстан" шахтасында директордың өндіріс жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы (бұл қызметті бір айға толар-толмас уақыт қана атқарған), жылға жетпес жұмыс істеген шахтадағы конвейер көлігі учаскесінің бастығы мен оның орынбасары және екі аптадай ғана жұмыс істеп үлгерген шахтаның конвейер көлігі учаскесінің механигі.

Оларды "тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзып, оның салдары абайсызда екі және одан көп адамның өліміне алып келді" деп айыптап отыр. Сотталушылардың төртеуі де үйқамақта. Тергеудің алғашқы күндері біраз уақыт тергеу изоляторында отырды. Сотталушылардың жасы 34-42 жас аралығында. Бәрінің кішкентай балалары бар.

Айыптау дерегіне сәйкес, сотталушылардың ішіндегі қызметі мейлінше жоғары тұлға профилактикалық тексеру ұйымдастыруға, жабдықтарды жөндеуді бақылауға, қоластындағы қызметкерлерге тапсырма беруге, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда тез арада жұмысты тоқтатуға міндетті болған.

Сотталушылар кінәсін мойындаған жоқ. Бұған дейін сотталушылар мен олардың қорғаушылары кінәсіз екенін мәлімдеп, прокуратурадан қылмыстық істі қосымша тергеуге жіберуді сұрап арызданған.

Сотталушылардың қорғаушысы ілгеріде шахтадағы өрт туралы қорытынды жасаған Ресейдегі Өрт-техникалық сараптама ғылыми-зерттеу орталығының мамандарынан да жауап алуды сұраған. Прокурор шағымды қабылдамай, бұл мамандардың жасаған қорытындысы дәлел бола алмайды деп тануды сұрады. Сот сараптаманы басқа елдің мамандары жасағандықтан шағымды қанағаттандырмады.

ТЕРГЕУ НҰСҚАСЫ: "КОНВЕЙЕРДІҢ ТӨСЕМ ТАСПАСЫН СЫНАҚТАН ӨТКІЗБЕСТЕН ОРНАТУҒА ЖОЛ БЕРГЕН"

Қарағанды көмір бассейні – әлемдегі ірі көмір бассейндерінің бірі. "Қазақстан" шахтасы аса қауіпті шығарындысы бар шахтаға жатады, онда кенеттен көмір мен газ шығарындысы болуы мүмкін әрі шаң-тозаңы да қауіпті саналады. Д6 қабатының көмір тозаңының жарылу қаупі бар, бұл қабаттың көмірі өздігінен жануға бейім болады.

Үкімет комиссиясының арнайы тергеп-тексеру актісіне сәйкес, конвейердің Д6 беткейін игеруде металл арка тіреуінің ажырағаны және біртұтас болмауы анықталған. Маркшейдерлік түсірілім бойынша, қиманы игеруде кемшіліктерге жол берілген.

Тергеу мен айыптау нұсқасы сотталушылар техника қауіпсіздігі мен ережелеріне сәйкес емес екенін біле тұра талапты бұзып, "жұмысты тоқтатып, кемшілікті жою шараларын қолға алмаған" деген қорытынды жасаған. Тергеу сотталушылар конвейердің төсем таспасын сынақтан өткізбестен орнатуға, қабаттың көмір конвейер қимасында жұмыс істеуге жол берген деп санайды.

Конвейер таспасы соңғы рет шілденің басында ауыстырылған (өрт 17 тамызда болды). Таспаны үндістандық компания жасап шығарған. Тергеу нұсқасы бойынша, көлік конвейерін пайдалану кезінде тұтануы орташа жанғыш өнімнен жасалған, сертификатталмаған төсем таспасы қолданылып, қауіпсіздік талабы бұзылған. Қауіпсіздік ережесі бойынша, конвейер таспасы отқа төзімді материалдан жасалуға тиіс. Алайда, осы таспаны сатып алуға қатысы бар тұлғалардың ешбірі жауапқа тартылмауы екі тарапты да қайран қалдырып отыр.

Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушылар талапты орындамай, 2023 жылғы 27 маусымнан бастап 16 тамызға дейін үгітіліп тұрған материалды тазалап, конвейер көлігінің сырғымасын ауыстыруға тапсырма бермеген. Арнайы тергеп-тексеру актісіне сәйкес, осының салдарынан 17 тамыз күні таңертең "Қазақстан" шахтасының көмір конвейер қимасында жөндеу ауысымы кезінде "механикалық энергияның жылу энергиясына ауысуынан, конвейер төсеміндегі үйкеліс пен конвейердің сырғымасы тіреліп қалуынан өрт шыққан".

Билік бұл жағдай толықтай жұмыс берушінің кінәсінен болған деп отыр. Бастапқыда осындай кемшіліктерге жол берген 28 жауапты тұлға анықталды деп айтылған. Сотталушылар қатарында осы тізімдегінің төртеуі бар.

2024 жылдың маусым айында сот Ленин атындағы шахтада 2022 жылдың қарашасында болған жарылысқа байланысты кен орнының төрт қызметкеріне түрлі мерзімге жаза кесті. Ол шахтадағы төтенше оқиғаның салдарынан бес кенші опат болып, төртеуі жарақат алып, еңбекке жарамсыз болып қалған еді. Қаза тапқандардың туыстары қанша талап етсе де, АМТ компаниясының жоғарғы басшылығы мен иелері жауапқа тартылған жоқ. Қарағандының Костенко атындағы шахтасында 2023 жылдың қазан айында болған апаттан қаза тапқандар ісі бойынша сот процесі де жақында басталмақ. Костенко шахтасында өрт пен жарылыс салдарынан 46 кенші мерт болған еді.

Ленин атындағы шахта да "Қазақстан" шахтасы секілді Қарағанды облысының Шахтинск қаласында орналасқан. Қазір оған жаңа инвестор – қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев иелік етеді. Ол АМТ кен орындарында қайғылы жағдай жиілеп кеткеннен кейін орнын босатқан британдық миллиардер Лакшми Митталдың орнына келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG