Accessibility links

Каримовтен кейінгі Өзбекстанға Қазақстаннан қарау


Шавкат Мирзияев Самарқанда трамвайда отыр.
Шавкат Мирзияев Самарқанда трамвайда отыр.

Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияев бұрынғы президент Ислам Каримовтің саясатын бір жылға жетпей-ақ сынай бастады. Сарапшылардың кейбірі «Қазақстанның билігі мұнан сабақ алуы тиіс» десе, кейбірі «сабақ алу керек емес, Қазақстанның саяси бағыты тұрақты» деп санайды.

Бір жыл бұрын, тамыздың соңында Орталық Азиядағы ширек ғасырдан астам билік басында отырған авторитарлық режим жетекшілерінің бірі Ислам Каримовтің «әл үстінде жатқаны» хабарланды. Өзбекстанның келесі президентінің кім болатыны туралы мәселенің Ислам Каримовтің қатысуынсыз шешілуі, ал оның қазасының ресми түрде қыркүйектің 2-сінде жариялануы Қазақстан жұртшылығының да назарын аударды.

«КАРИМОВСІЗ КҮН КӨРУ»

Каримовтің тұсында үкімет басқарып, оның саясатын жүзеге асырғандардың бірі болғанына қарамастан Шавкат Мирзияев бір жылға жетпей-ақ мемлекеттік телеарнада тәуелсіз Өзбекстанның алғашқы жетекшісінің ұзақ жылдарғы саясатын сынады. Тарихшылар бұл сынды Никита Хрущевтің «Сталиннің жеке басқа табыну саясатын» сынауымен салыстырып, «Хрущевтің жылымығы» секілді Өзбекстанда «Мирзияевтің жылымығы» орнауы мүмкін деп те болжаған.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов. Ташкент, 10 желтоқсан 2014 жыл.
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов. Ташкент, 10 желтоқсан 2014 жыл.

Мирзияевтің билікке келгеніне бір жыл енді толса да, саяси сарапшылар Каримов орнатқан қатаң саяси жүйенің сырт көзге біршама жұмсарғанын айтады. Каримов тұсында қуғындалған жоғары лауазымды шенеунік ақталып, енді біреуі босатылып, кейбір шетке қашқан саясаткерлер мен журналистердің шақырту алғандары хабарланып, бірқатар өнер адамдарының сахнаға шығуына рұқсат берілген.

Бұрынғы Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримова әкесінің көзі тірісінде-ақ саясаттан шеттетілген еді. Ал Каримованың бас бостандығы 2015 жылы бес жылға шектелгені, үстінен екінші рет қылмыстық іс қозғалғаны, «миллиардтаған долларды бас пайдасына жаратқаны», шетелдегі активтері мен жылжымайтын мүліктерін іздестірілетіні Мирзияевтің тұсында жарияланды.

Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримованың үйқамақтағы кезі. 16 қыркүйек 2014 жыл.
Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримованың үйқамақтағы кезі. 16 қыркүйек 2014 жыл.

Әкесінің қазасына бір жыл толар кезде тамыздың 28-інде Каримовтің кіші қызы Лола Каримова-Тилляева БҰҰ-дағы тұрақты өкіл қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл жағдаят «Каримовтер әулетінің дәурені аяқталды» деген жорамалдарға себеп болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Гүлнара Каримованың ұлы: «Анама жала жауып отыр»

Каримовтер әулетін мадақтап келген өзбек саяси элитасы мен интеллигенциясының кейбір өкілдері бұрынғы билікті әшкерелеуге көшіп, мемлекеттік телеарнадан сын айтыла бастады. Бірақ Каримовті Самарқанда салтанатпен жерлеу комиссиясын басқарған Мирзияев ресми баяндамаларында Өзбекстанның алғашқы президентін ұлықтай еске алады. Биылғы тамыз айында Ташкент пен Самарқанда Каримовке ескерткіш қойылды.

«ҮЛКЕН СЫННЫҢ БАСЫ»

Өзбекстанның жоғары билігі мен саяси бағытында бір жыл ішінде болған өзгерістерді байқаушылар осыған ұқсас жағдай Қазақстанда да қайталануы мүмкін, Ақорда бұдан сабақ алуы тиіс дейтін пікірлер әлеуметтік желілерден жиі байқалған.

Арада бір жыл өтсе де, «Ташкенттегі билік транзитінен Астана сабақ алды ма?» деген сауалға сарапшылар түрліше жауап береді. Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылардың кейбірі «Қазақстан билігі сабақ алатындай қадам жасаған жоқ» десе, кейбірі оған қарсы.

Саясаттанушы Дос Көшім Өзбекстанның жаңа президенті Мирзияевтің Каримов саясатын әзірге жанама сынауы үлкен сынның басы екенін айтады. Оның сөзінше, Мирзияевтің өзінен бастап келесі билікке келетіндер бұл сынды күшейте береді. Сөйтіп Каримов кезеңінде билікте болғандарға басқаша баға беріле бастайды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің Мәскеу әуежайында түсірілген суреті. 4 сәуір 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің Мәскеу әуежайында түсірілген суреті. 4 сәуір 2017 жыл.

- Қарапайым адамдарға да түсінікті мәселені билік те түсінеді. Сондықтан мүмкіндігі болып тұрғанда жағдайды түзеуі керек. Өйткені биліктің бүгін жасағаны ертең алдынан бәрібір шығады. Меніңше сабақ – осы. Бірақ әркім өз басынан өткізбей өзгеден сабақ алуы қиын. Тарихта талай қайталанған жайт бұл, - дейді Дос Көшім.

Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «билік ауысқаннан кейін қандай сын айтылатынын Өзбекстан мысалынсыз да жақсы білетін адам» деп сипаттайды.

- Сол себепті оның жақын туыстарының бірін мұрагер ретінде қалдыруға дайындалып жүргені байқалады. Басқаша әрекеті көрінбейді, - дейді ол.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр қарашада Bloomberg сайтына берген сұхбатында мұрагерлік туралы болжамдарға қатысты пікірін айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Назарбаевтың мұрагер жайлы емеуріндері

«Билікті табыстау Қазақстан конституциясында жазылған. Барлығы заң негізінде болады. Балаларымды президенттікке мұрагер ретінде қарастырмаймын. Бұл бізге сай емес» деген Назарбаев сұхбатында.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы Дариға Назарбаеваның Еуразиялық медиафорумда түсірілген суреті. Алматы, 27 сәуір 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы Дариға Назарбаеваның Еуразиялық медиафорумда түсірілген суреті. Алматы, 27 сәуір 2010 жыл.

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы саяси-экономикалық ахуалды жиі салыстырып жазатын саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстандағы саяси жағдай сәл өзгеше деп санайды. Оның пайымдауынша, Қазақстанда билік ауысқаннан кейін қазіргі билікке сын айтылмай қалмайды.

- Келесі билік қазіргі биліктің жемқорлықпен күресін сынға алуы мүмкін, - дейді Әзімбай Ғали.

Ал парламент мәжілісінің депутаты, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының жетекшісі Владислав Косарев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Өзбекстандағы билік ауысымынан «сабақ алудың керегі жоқ» деп есептейді. Оның ойынша, Өзбекстандағы билік ауысымы кезінде «әділетсіздік пен түрлі қулық байқалған».

- Біздің еліміздің тұрақты саяси бағыты бар. Біз содан айырылмауымыз керек, - дейді Косарев.

Парламент мәжілісінің депутаты, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының жетекшісі Владислав Косарев. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.
Парламент мәжілісінің депутаты, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының жетекшісі Владислав Косарев. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.

«Келесі президент бұл «тұрақты бағытты» ұстана бере ме?» деген сауалға ол:

- Келесі президент туралы айтуға әлі ерте. Біз қазіргі президентімізді білеміз. Кейінгісін кейін айтамыз, - деп жауап берді.

«ПРЕЗИДЕНТ МӘРТЕБЕСІН НЫҒАЙТУ»

Ислам Каримовтің қазасынан соң іле-шала Нұрсұлтан Назарбаев үлкен қызы Дариға Назарбаеваны парламент сенатының депутаттығына тағайындағанын «Назарбаевтың сақтығы», «билік транзитінің басы» ретінде бағалағандар болды. Өйткені әрі қарай сенат төрайымы етсе, Дариға Назарбаева конституция бойынша төтенше жағдайда президент міндетін атқаратын тұлғаға айналар еді. Бірақ түрлі қауесет шындыққа айналмай, Назарбаева Сенаттағы халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы лауазымын қанағат тұтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Билік транзиті жиі айтылған жыл

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Дариға Назарбаеваның саяси мансабы

Нұрсұлтан Назарбаевтың билік транзитіне қатысты «тағы бір сақтығы» ретінде 2017 жылы көктемде конституцияға енгізілген өзгерістер аталған. 1995 жылы қабылданып, Қазақстанды «супер президенттік басқару нысанындағы республикаға» айналдырған бұл конституцияда президент мәртебесі бұрын да бірнеше рет күшейтілген. Ал биылғы өзгерісте «тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деп көрсетілген.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қазақстандағы ықтимал билік транзиті жайлы бірнеше рет сөз қозғаса да, жалпылама айтудан аспаған. Президент Назарбаев билікті мұрагерлік жолмен табыстау ойы жоқ екенін бірнеше мәрте мәлімдеп, «Қазақстанда әйел де президент болуы мүмкін» деген сөз айтып қалған. Қазақстанның саяси жүйесінің болашағын болжаушылар мен сынаушылар Астанадағы билік ауысымы қалай өтетіні туралы түрлі жорамал айтып келеді.

XS
SM
MD
LG