Қамаудағы белсендінің әйелі: Күйеуімді 12 сағат бойы үздіксіз ұрып-соққан

Дархан Уәлиев.

Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған азаматтық белсенді Дархан Уәлиевтің әйелі Бұлбұл Бердіқожанова 20 қаңтарда түске дейін қамаудағы күйеуімен кездескен. Бұған дейін туыстары он күн бойы полицияның белсенді туралы ақпарат бермей, адвокатты да кіргізбей жатқанына шағымданған еді. Белсендінің азапталғаны туралы да хабар тараған.

– Кездесуді он минуттан артық бермеді. Кездестім, көрдім. Көзі көгерген екен. Енді енді жазылып келе жатыр. Айтуы бойынша, ұсталғандардың барлығын 15 қаңтарға дейін ұрып-соққан. Өзінің айтуынша, басында бір күн бойы оны 12 сағат бойы соққан. Содан "есімді жөнді білмеймін, қағаздарына қол қоя бердім, неге қол қойғанымды білмеймін" деді, – дейді Бұлбұл Бердіқожанова.

Оның сөзіне қарағанда, күйеуі "электрошокермен де азапталғандар да бар, кейбірінің қолы тесілген, азапқа шыдамай бір жігіт бесінші қабаттан секіріп кеткенін" айтқан.

Бұлбұл Бердіқожанованың айтуынша, "бұл оқиғаның барлығы Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша қамау изоляторында болған". Белсендінің адвокаты Жанар Балғабаева өзі қорғап отырған азаматқа 19 қаңтарда кіріп шыққан. Изолятор жабылатын кезде кіргендіктен көп сөйлесуге уақыт болмаған. Ол белсендінің екі көзі көгергенін айтты. "Соққы жөнінде шағым жазуға негіз бар. Әуелі Дарханның өзімен оны ақылдасуым керек" деді адвокат. Оның айтуынша, Уәлиев қазір "жаппай тәртіпсіздік" (272-бап, 2-бөлік) бойынша күдікке ілінген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыдағы қамау орындарына барғаннан кейін есеп берген омбудсмен "террорист" ұғымын да пайдаланды

Қалалық полиция департаменті әзірге "азаптау туралы" шағымға түсініктеме бермеді. Бұған дейін қаңтардағы оқиғадан кейін ұсталғандардың жаппай соққыға жығылып, азапталғаны жөнінде ақпарат көптеп тараған. Өткен аптада Алматыдағы уақытша қамау орындары мен тергеу изоляторына барғанын айтқан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова полицияның дөрекі қарым-қатынасы жөнінде 21 шағым түскенін айтқан. Ол адвокатты өзі қорғап отырған азаматқа жібермеу, ұсталғандар жөнінде туыстарына хабарламау, ұсталғаннан кейін медициналық көмек көрсетпеу сияқты хабарлар жөнінде айтқан. Ал тәуелсіз құқық қорғаушылар азапталғандардың ортақ базасын құрастырып, құқықтық көмек жағын қарастырып жатыр.

Дархан Уәлиев – биліктен саяси тұтқындарды босатуды, азаматтық құқықтардың бұзылмауын үздіксіз талап етіп жүрген белсенділердің бірі. Былтыр қазан айында елде резонанс тудырған "13 белсендінің ісі" бойынша оның бостандығы бір жылға шектелген.

Қаңтардағы оқиғадан кейін ұсталған белсендінің туыстары мен құқық қорғаушылар оның "терроризм" бабы бойынша күдікке ілінгенін, оған ешкімді кіргізбей жатқанын хабарлаған. (20 қаңтарда адвокат "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша күдікке ілінгенін айтты) Олар Уәлиев "полицияда қамалған белсенділерге араша түсем деп сол үшін ауыр бапқа ілінді" деп санайды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты.

Билік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 700-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде терроризм бабы бойынша - 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 780 адам күдікті ретінде ұсталған.

Жүздеген белсенді "бейбіт митинг заңын бұзды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен жазаланған.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптап, Еуропарламент Қазақстан шенеуніктеріне санкция салу мәселесін қарастырып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сергей Шутов: Тергеуде ұрып-соққанда өзімді Окрестинаға түскендей сезіндімАзаптау жайлы шағым көбейген тұста Тоқаев тергеудегі азаматтардың құқығын бұзбау қажеттігін айттыҚұқық қорғаушылар Қазақстанда ұсталған қырғыз азаматтарын қорғау үшін БҰҰ-ға шағымданады