12 қаңтарда Ақтөбе полициясы тергеу басқармасы осы облыстағы Азаттық тілшісі Жаңагүл Жүрсінді шақырып, үш сағат жауап алған. Ол полицияда статусы "қорғалуға құқығы бар куәгер" екенін білген.
Тергеу басқармасының тергеушісі Нұрсұлтан Ахметов тілшіден "наразылыққа неге бардыңыз?", "қай күндері бардыңыз?", "кімнен сұхбат алдыңыз, олар не деді?", "кім шақырды?" деген сұрақтар қойған.
- БАҚ туралы заңның 20-бабында әрбір журналист ақпарат жинауға, таратуға, фото-видео түсіруге, аудио жазуға құқылы екенін айттым. Желіде наразылық болып жатқанын көріп, кәсіби міндетімді атқару үшін, ақпарат тарату үшін бардым. Наразылық акциясына ешкім шақырмады. Түсірген видеоларымды, ақпараттарымды редакцияға жібердім. Оның бәрі Азаттық сайтында тұр деп айттым, - деді тілшіміз.
Тергеуші Азаттық журналисінен шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен оның ҚДТ қозғалысына көзқарасын (Қазақстан "экстремистік" деп таныған, ал Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атайды) да сұраған.
Үш сағаттан аса уақыт өткенде полиция Азаттық тілшісіне түсініктемеге қол қойдырып, босатқан.
Ақтөбеде билікке қарсы наразылықтан соң белсенділер қамалып, журналистер полицияға шақыртыла бастады. Бұл облыста кемі төрт журналист полицияға шақыртылған.
9 қаңтардан 10 қаңтарға қараған түні полиция Orda.kz және Nur.kz тілшісі Ардақ Ерубаеваның үйін тінтіп, өзін полицияға әкеткен. Кейін полиция журналистен жауап алып, босатқан.
КТК және 31 арнаның, Ratel.kz сайтының да тілшілері тергеуге барған.
2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттағанына қарсылықты Ақтөбе халқы да қолдаған. Олар облыстық әкімдік алдына барып, қымбатшылыққа қарсылық білдірген. Наразылар әкімдікке басып кірмек болған. Полиция оларға көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ атқан еді.
ПІКІРЛЕР