Сәуірдің 27-сі күні Алматы ауданаралық әкімшілік соты рұқсат етілмеген жиынға қатысты деген айып бойынша 10-нан астам адамға 10-15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салса, тағы үш адам ескерту алған. Сәрсенбі күні Алтынбек Сәрсенбайұлының туған-туыстары мен бірқатар оппозициялық ұйым мүшелері Алматыдағы Республика алаңында саясаткер А.Сәрсенбайұлының қастандықпен өлтірілуіне байланысты тергеу жұмысы дұрыс жүргізілмей отыр деп, үнсіз наразылық акциясын өткізетіндерін жариялаған болатын. Бірақ, акция басталмай жатып-ақ, полиция қызметкерлері орталық алаңнан 23 адамды, Фурманов көшесі бойынан 7 адамды ұстап, ішкі істер басқармасына алып кеткен еді.