Ақпанның 28-і күні Алматы экономикалық сотында оппозициялық саясаткер Әміржан Қосановты 10 тәулікке қамауға алу туралы, Зәуреш Батталоваға, «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваға, тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Төлеген Жүкеевке әртүрлі көлемдегі айлық есеп көрсеткіш көлемінде айыппұл салу туралы сот шешімі шықты. Ал басқа оппозициялық саясаткерлер - Асылбек Қожахметов, Маржан Аспандияроваға қарсы сот процестері жалғасып жатыр. Сондай-ақ «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай, Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин, тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағалары Болат Әбілов пен Ораз Жандосов және саясаткерлер Төлен Тоқтасынов, Петр Свойк те сотқа шақырту қағаз алған. Олардың барлығына жексенбі күні қала орталығында заңсыз митингі өткізді деген айып тағылып отыр. Алайда, мысалы, Болат Әбілов «біз жексенбі күні біз митингіге емес, Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу жиынына қатыстық» десе, Әуезов ауданының прокуроры Абай Хадиев «Азаттық» радиосына «олар заңсыз митингі ұйымдастырды, сол үшін әкімшілік жауапқа тартылуда» деді.