Сегіздік топ, яки әлемнің ең дамыған сегіз елінің қаржы министрлері демалыс күндері Ресей астанасы Мәскеуде бас қосты. Кездесуде көтерілген ең негізгі тақырып энергиялық қауіпсіздік мәселесі болды. Ресей Қаржы Министрі Алексей Кудрин сенбі күнгі мәлімдемесінде әлемдік деңгейдегі энергиялық қауіпсіздік мәселесін Сегіздік топ жақсы шеше бастады деп атап өтті. Бұл екі арада, Ресей әлемдегі ең негізгі мұнай-газ экспорттаушы елдердің бірі ретінде қазіргі жағдайда өзінің әлемдік мәртебесін арттыруға тырысып отырған жоқ па деген сауал туындап отыр.
Мұхаммед Пайғамбарға салынған карикатураларға орай мұсылман елдеріндегі наразылық шерулері тоқтар емес. Десе де, бұл тұрғыдағы зорлық саябырсығандай. Түрлі үкіметтер сабырлыққа шақырған үндеулер таратса да, сөз еркіндігін қорғаушылар мен діни сезімге берілген белсенділер арасындағы ор сол баяғы қалпында қалып отыр.
Пайғамбар Мұхаммед ғ.с.-ды мазақ қылған деп бағаланған карикатураларға орай Ауғаныстанда болған наразылық шерулері барысында бүгін тағы да адамдар құрбан болды. Исламдық Конференция ұйымы, БҰҰ және Европа Одағы мұсылман қауымның ашу-ызасын басу мақсатында біріккен диалог-мәслихат өткізу үндеуін жария етті. Алайда, мұсылман елдеріндегі наразылық шерулері толастар емес.
Американ Президенті 2007 жылға арналған бюджеттік ұсынысын АҚШ Конгресіне дүйсенбі күні жолдады. Бұл бюджетте қорғаныс саласының мұқтаждарына бұрын болмаған көлемде қаржы – 439 миллиард доллар бөлу сұралып отыр. Пентагонда өткізген баспасөз мәслихатында Американ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд бұл ақша Американың терроризмге қарсы күрес және әдеттегі соғыс жағдайындағы мүмкіндіктерін көтеруге жұмсалмақ деп мәлімдеді.
Йемен түрмесінен қатарында 13 Әл-Қаида күдіктісі бар, жиыны 23 адам қашып шыққаны жөнінде халықаралық Интерпол полиция ұйымы ескертіп отыр. Интерполдың айтуынша, жұма күні Йемен түрмесінен қашып шыққандардың қатарында 2000 жылы американдық әскери кеме "USS Cole"-ге және 2002 жылы Францияның "Limburg" танкеріне қарсы шабуылдарға тікелей қатысты адамдар бар .
Германияның Мюнхен қаласында кеше (қаңтардың 5-інде) аяқталған халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне арналған конференция НATO одағының болашағын талқылаудың мүмкіндігі ретінде қарастырылған еді. Алайда, отырыс барысындағы негізгі әңгіме тақырыбы Иранның ядролық бағдарламасы мәселесі боп шықты. Әңгіме тақырыбының бұлайша ауысуына талдаушылар ерекше назар аударып отыр. Өйткені, отырыста бас қосқан Америкалық және Европалық саясаткерлер, қорғаныс саласының ресми қызметкерлері мұндай талқылаулар барысында алдағы уақытта қандай саясатты ұстануы мүмкін екенін байқатады.
Грузия мен Арменияға табиғи газ тасымалдайтын құбырын Ресей қалпына келтірді. Алайда, Ресей газ құбырындағы жарылыстың саяси және экономикалық салдары әлі басылар емес. Екі арадағы бірқатар қатаң дипломатиялық мәлімдемелерден кейін Грузияның солтүстіктегі қуатты көршісімен арадағы онсыз да күрделі байланыстары одан әрмен нашарлады. Мұның сыртында, Грузия газ мәселесінде Ираннан жәрдем сұрады, соңғы 30 жылда алғаш рет Грузия Ираннан табиғи газ ала бастады. Бұл қадамға АҚШ-тың көзқарасы қандай? Ресми Мәскеумен арадағы айтыстан кейін Грузия табиғи газ импортының басқа көздерін табуды табанды саясатқа айналдырмай ма? Ресей газ құбырындағы жарылыстың ендігі бір құрбаны Армениядағы жағдай қандай?
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі Иран өзінің ядролық бағдарламасына қатысты сауалдарға БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде жауап беруі тиіс деп келісті. Бұл шешім Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі – АҚШ, Британия, Франция, Ресей және Қытайдың, сондай-ақ Германияның СİМ-лері Лондонда бас қосып, келіссөз өткізгеннен кейін жарияланды. Иран мұндай қадамның заңдық негізі жоқ деп, қазіргі айтысты дипломатиялық жолдармен шешу әрекеттерінен бас тартуы мүмкін екенін ескертті.
Палестиндық жауынгер исламшыл «Хамас» тобы жаңа Палестин үкіметіне енген жағдайда Израильды мойындап, қарусыздануы қажет деген халықаралық қауымдастық талабын қабылдамай отыр. Өткен аптадағы (қаңтардың 25-сіндегі) Палестин Парламенттік сайлауларында «Хамас» жеңіске жеткеннен беріде Таяу Шығыстағы жағдай күрделене түсті. Кеше (қаңтардың 30-ында) Таяу Шығыс бейбіт келіссөздеріндегі негізгі ара ағайын боп табылатын АҚШ, Ресей, Европа Одағы және БҰҰ Палестин әкімшілігіне алдағы уақытта көрсетілетін қаржылық жәрдем мәселесі «Хамас» жетекшілігіндегі жаңа үкіметтің бірнеше шарттарға мойынсұнуына байланысты деп мәлімдеген еді. Бұл шарттардың қатарында зорлық атаулыдан бас тарту, Израильды мойындау, сондай-ақ Израиль мен болашақ Палестин мемлекетінің қатар бейбіт өмір сүруіне жетелейтін "жол картасы" атты бейбіт келіссөздерді қабыл алу іспетті талаптар бар.
Ерекше қарқынмен дамып келе жатқан Қытай экономикасы әлемдік экономикаға қалай әсер етуі мүмкін? Швецарияның Давос қалашығында жыл сайын өтетін дәстүрлі Әлемдік экономикалық форумда бас қосқан мемлекет басшылары мен ірі компания жетекшілері осы мәселені де сөз етті.
Сәрсенбі күні болған Палестин Парламенттік сайлауларында исламшыл Хамас тобы жеңіске жеткен тәрізді. Палестин үкімет басы Ахмед Қурей өз үкіметінің енді биліктен кететінін айтып, жаңа палестин үкіметін Хамас құруы керек деп мәлімдеді. Талдаушы мамандардың айтуынша, Палестин сайлауларының нәтижесі палестиндықтардың Израильмен арадағы байланыстарын одан әрі күрделендірмек, ал Таяу Шығыстағы бейбітшілік келіссөздерін әзірге тығырыққа тіремек.
Иранға қажет уранды Ресейде байыту мүмкіндігіне орай ресми Мәскеу жасап отырған ұсынысты Иранның ядролық келіссөздердегі бас уәкілі Әли Лариджани оң қадам деп бағалады. Бұл мәлімдемені Әлі Ларджани Мәскеуде Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Игор Ивановпен кездескеннен кейін жасады. Екі тарап қаңтардың 24-інде жасаған біріккен мәлімдемесінде Иранның ядролық бағдарламасына байланысты қалыптасып отырған айтыс Халықаралық Атомдық Энергия Агенттігі аясында дипломатиялық тәсілдермен шешілуі тиіс деп атап өткен.
Европа Одағының Ресейге, оның ішінде әсіресе Шешенстан мәселесіне байланысты саясатын EвроПарламент депутаттары тым "дипломатиялық" деп атап, оны қатты сын астына алды. EвроПарламент депутаттарының қатаң сауалдарына жауап беруге мәжбүр болған ЕвроКомиссия мен ЕвроОдақтың ресми қызметкерлері алдағы уақытта Ресеймен арадағы келіссөздерде демократия мен адам құқықтары мәселесін шешімталдықпен көтеретініне уәде берді.
Қытай мен Түркия құс тұмауы дертіне қарсы күресіп жатқан тұста бұл екі ел арасында жатқан елдердегі жағдай нешік деген сауал туындап отыр. Орта Азия елдері құс тұмауы дертінен сақтану шараларын қолға алды ма?
Құс тұмауы дерті жөніндегі хабарлар бұл күндері әлем ақпарат құралдарындағы ең басты тақырыптардың бірін құрап отыр. Қытайда бүгін тағы екі адамның құс тұмауынан қайтыс болғаны хабарланды. Түркияда дерт одан әрмен тарап, кемінде 15 адамның құс тұмауына шалдыққаны расталып отыр. Мұнда да адам өлімі бар. Соңғы хабарларға қарағанда, Түркияда құс тұмауын жұқтырған кей адамдарда бұл дерттің белгілері мүлде байқалмаған. Сонымен қатар, Вьетнамда өткізілген бір зерттеу нәтижесінде құс тұмауының белгілері кей адамдарда байқалмауы мүмкін екені және дерттің адамдар арасында кеңірек тарауы мүмкін екені анықталған деген хабар да тарап отыр.
Ресей мен Украина арасындағы газ айтысы өзара уағдаластықпен шешілгені туралы хабарды көпшілік мақұлдап қарсы алды. Алайда, бұл келісімге байланысты бірнеше сауал туындап отыр. Солардың ең бастысы газ келісіміндегі делдал компанияға байланысты болып отыр.
Бейсенбі күні Түрік ресми орындары елдің шығысында құс аулауға және құс етінің тасымалына салынған тиым шараларын күшейте түсті. Бұған соңғы күндері қатарынан екі баланың құс тұмауы дертінен қайтыс болуы себеп болып отыр. Осыдан бірнеше күн бұрын Түркияның шығысындағы Ван өлкесінде құс тұмауының алғашқы құрбаны расталған болса, бейсенбіде сол құрбан болған ұл баланың туған апайы 15 жасар қыз баланың да дәл сол құс тұмауы дерті салдарынан көз жұмғаны мәлім болды. Түркиядағы екі бала құс тұмауы дертінің Оңтүстік-шығыс Азия мен Қытайдан тысқары жердегі алғашқы адам құрбаны ретінде аталып отыр.
Ресей мен Украинаның табиғи газ мәселесінде мәмлеге келгені туралы хабарды Еуропа елдері қуана қарсы алды. Алайда, қысқа мерзімді болса да бұл шиеленіс Еуропа елдерінің энергиялық қуат көздері мәселесінде алдағы уақытта Ресейге қаншалықты арқа сүйеуге болады деген сауалды көтеруіне түрткі болып отыр.
Орталық және Батыс Еуропадағы тұтынушыларға жөнелтетін табиғи газ көлемін бұрынға қалпына келтген Ресей Украинамен арадағы газ айтысындағы өз ұстанымын қайтадан таразы басына салған іспетті. Еуропа Одағы Ресейдің құбырдағы газ көлемін күрт азайтуына байланысты өз көзқарасын дереу білдірді, Ресейдің мұндай қадамына сын айтылды. Мәселен, Британиялық бір газет "Еуропаның энергиялық қуат көздеріне мұқтажы ешқашан да Ресейге тәуелді болмауы тиіс" деп түйді.
Ресей Украинаға газ тасымалын шектегені жөнінде хабар бүгінгі күні халықаралық ақпарат құралдары арқылы тарап отырған негізгі хабарлардың біріне айналып отыр. Бұл шектеудің жаңғырығы Еуропа елдерінде естіле бастады, Шығыс Еуропадағы кей елдер Ресейден келетін табиғи газ көлімінің азайып отырғанын мәлімдеп үлгерді. Бұл екі арада, Еуропа Одағы мен Құрама Штаттары екі тарапты да өзара келіспеушіліктерді тез арада шешуге шақырды. Алайда, Ресей мен Украинаның бұл айтысты қалай шешері әзірге беймәлім.
Тағы