Қырғызстан президенті Құрманбек Бақиев, бас министр Феликс Құлов, парламент төрағасы Мұрат Сұлтанов реформа мәселелері жөнінде оппозиция жетекшілері Өмірбек Текебаев және Құбатбек Байболовтармен сөз жарыстырды. Пікірсайыс сәрсенбі күні ұлттық телекомпанияда өтті. Қырғызстанда саяси текетірес соңғы кезде өсе түсті. Президент Бақиев уәделерін орындамай жатыр, реформа баяу жүреді деген сын көп айтылады. Екінші жағынан, саяси билікке, үкіметке кейбір қылмыс топтары ықпал жасайды деген алаңдаушылық бар.